News
Local

Диаспоралардың өзгеріп жатқан рөлі және Қазақстан үшін тәжірибе

2023 жылғы 17-18 тамыз, Алматы, Қазақстан – Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҚҰ) – БҰҰ Көші-қон агенттігі, қазақ диаспорасымен және шетелдегі отандастармен өзара іс-қимыл бойынша халықаралық семинар-форум өткізіп жатыр.

Семинарға «Отандастар қоры» КеАҚ, «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» РҚБ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Сыртқы істер министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ұлттық статистика бюросы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан және Ресей Федерациясынан келген халықаралық сарапшылар қатысуда.

Пленарлық сессиялар мен интерактивті пікірталастар барысында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуындағы диаспораның әлеуетті үлесі мен рөліне қатысты көзқарас білдірілді,
сондай-ақ қазақ диаспорасымен және шетелдегі отандастармен коммуникациялық стратегияны одан әрі ілгерілету және пысықтау жөніндегі шаралар тұжырымдалды.

Диаспоралардың қазіргі рөлі және олардың қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси процестерге әсері тұрақты түрде артып келеді. Диаспора қазіргі кезеңде елдер арасындағы дәнекер қызметін атқарады және мемлекеттердің дамуы мен өзара іс- қимылын жаңа деңгейге көтереді. Жаһандану және заманауи технологиялардың дамуы олардың орнықты дамуға белсенді қатысуына жағдай жасайды.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша COVID-19 пандемиясына қарамастан, 2020 жылғы жаһандық ақша аударымдары 540 миллиард долларға жетті, осылайша, 2020 жылғы тікелей шетелдік инвестициялар (259 миллиард доллар) мен даму үшін берілетін шетелдік көмектен (179 миллиард доллар) асып түсті.

Қазақстан мемлекеттік егемендік алған сәттен бастап шетелдегі қазақ диаспорасын қолдауға және өзара іс-қимыл жасауға бағыт алды. 1991 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан белсенді репатриациялық саясаттың арқасында Қазақстанға 1,1 миллионға жуық этникалық қазақтар (қандастар) оралды, олар елдің дамуына өз үлестерін қосуда.

Саны жағынан 5 миллионнан 7 миллионға дейін жететін қазақ диаспорасы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының ықтимал қатысушыларының алуан түрлі тобын білдіреді, бұл ретте Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасы мен отандастар өздерінің мөлшерімен және бірегей әлеуметтік-мәдени байланыстарымен ерекшеленеді.

Жобаны ХКҚҰ-ның Халықаралық даму қоры (IDF) қолдады.

 

SDG 17 - Partnerships for the Goals
SDG 9 - Industries, Innovation and Infrastructure
SDG 10 - Reduced Inequalities