News
Local

КЖШ жүзеге асырудың Екінші Азия-Тынық мұхиты өңірлік шолуы

2025 жылдың 4-6 ақпаны аралығында Бангкок қаласында Қауіпсіз, реттелген және заңды көші-қон туралы жаһандық шартты (КЖШ) жүзеге асырудың Екінші Азия-Тынық мұхиты өңірлік шолуы өтіп жатыр.

2018 жылы Қазақстан Халықаралық көші-қон саласындағы ынтымақтастықты жақсартуға Жаһандық шартқа мүше мемлекеттердің ұжымдық бейілділігін қолдай отырып, КЖШ қосылған елдердің қатарына енді. Жаһандық шарт 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарының Күн тәртібін басшылыққа алады. КЖШ адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды басшылыққа алады. Осыған байланысты қабылданған міндеттемелерді жүзеге асыра отырып, мүше мемлекеттер көші-қон циклының мәртебесіне қарамастан, барлық кезеңдерінде көшіп-қонушылардың құқықтарын тиімді сақтауды және қорғауды қамтамасыз етеді.

КЖШ екінші Азия-Тынық мұхиты өңірлік шолуының мақсаты Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) мүшелері мен қауымдасқан мүшелеріне, және басқа да тиісті мүдделі тараптарға Бірінші шолудан кейінгі кезеңдегі Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі КЖШ 23 мақсатын жүзеге асырудағы жетістікті бағалау; КЖШ мақсаттарын іске асырудағы мәселелер, мүмкіндіктер мен қажеттіліктерді анықтау; 2026 жылғы Халықаралық көші-қон мәселелерін қарастыру жөніндегі форумда ұсыну мақсатында негізгі қорытындылар мен ұсынымдарды тұжырымдау; сонымен қатар КЖШ басты қағидаттарына сәйкес халықаралық көші-қон саласындағы өңірлік ынтымақтастық үшін өңірлік басымдықтар мен әлеуетті салаларды талқылау мүмкіндігін беру болып табылады.

Ағымдағы 4 ақпанда «Тұрақты көші-қон жолдары» тақырыбындағы Жоғары деңгейдегі панельге Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі тұрақты көші-қон жолдарын кеңейтуге байланысты мәселелерді қарастыру және стратегияны зерделеу мақсатында үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері қатысты. Аталған сессия қоғамның және барлық көшіп-қонушылардың, соның ішінде осал жағдайдағылардың игілігі үшін тұрақты көші-қон жолдарының қолжетімділігін арттыру жөніндегі практикалық стратегияларды талқылау, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі мүдделі тараптар арасындағы серіктестік қатынастарды нығайту мақсатында тұғырнама болды.

Қазақстан атынан Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Асқарбек Ерсаев мырза қатысты. Ол Қазақстанның КЖШ жүзеге асыру барысына шолу жасады.

Халықаралық Көші-қон Ұйымы Жаһандық шарттың мақсаттарын іске асыруда Қазақстан үкіметіне жан-жақты қолдау көрсетуде.